Қазақтелеком
5 дней назад, 16:25

Biznes serıktester künı қалай өтті: Астана мен Алматыдағы іс-шараның қорытындылары

38 рет қаралды

Жыл сайын өтетін «Вiznes serıktester künı» (Бизнес-серіктестер күні) Астана мен Алматыда «Қазақтелеком» АҚ шағын және орта бизнес өкілдерінің, серіктестері мен клиенттерінінің басын қосты. Іс-шаралар 9 қазанда Астанадағы Sheraton қонақ үйінде және 16 қазанда Алматыдағы Көк-Төбе шыңындағы Inzhu мейрамханасында өтті.  Іс-шарада бизнесті қолдауға бағытталған телеком-оператордың жаңа IT-шешімдері мен цифрлық қызметтері көрсетілді.

 

Астанада өткен кездесуді Kazakhtelecom Вusiness цифрландыру жөніндегі директоры Айкен Серкебаева ашты. Ол өз баяндамасында бизнес үшін цифрландырудың маңызды екенін атап өтті. Ол «Қазақтелеком» АҚ кәсіпкерлерге заманауи цифрлық шешімдерді ұсына отырып, жаңа сын-қатерлерге төтеп беруге,  оларға бейімделуге қалай көмектесетіні туралы айтып өтті.

 

«Біз қарқынды өзгерістер заманында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан цифрландыру табысты бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің Ismet.kz платформамыз дәстүрлі байланыс операторы шеңберінен әлдеқашан асып, қазірде кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін инновациялық шешімдерді ұсынуда», – деп атап өтті Айкен.

Алматыдағы кездесуде Ақпараттық технологиялар дивизионының бас директоры Марат Мұхтарұлы Әбділдабеков құттықтау сөз сөйледі. 
 

«Біз бизнеске ыңғайлы жұмыс құралдарын беру үшін Ismet.kz платформасын іске қостық. Бүгінде ол кәсіпкерлерге бизнес-міндеттерді тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік беріп, елеулі нәтижелер көрсетуде», – деп атап өтті Марат.

Іс-шарада қатысушыларға Ismet.kz платформасы – телеком-қызметтерді онлайн қосуға және барлық қажетті құжаттарды электронды түрде алуға мүмкіндік беретін бизнеске арналған заманауи шешім – ұсынылды. Спикерлер сату және қызмет көрсету бөлімдеріне бармай-ақ, операциялар мен құжаттарды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін платформаның орасан зор мүмкіндіктерін атап өтті.

 

Марат Төрегелдиев айтқан Ismet Docs сервисі ерекше қызығушылық тудырды. Бұл қызмет компанияларға электрондық құжат айналымына толығымен көшуге мүмкіндік береді.

 

Мұрат бұл қызметтің артықшылықтарын көрсете отырып, былай деді: «Сіздің барлық құжаттарыңыз — жіберуден бастап қол қоюға дейін — цифрлық түрде өңделетінін елестетіп көріңіз. Ешқандай қағаз, қосымша кездесулер, курьерлер жоқ. Бұл процестерді жеделдетіп қана қоймай, ресурстарды үнемдейді».

Ismet Docs қызметі «Қазақтелеком» барлық бизнес-клиенттері үшін қазан айының соңына дейін тегін. Қалған пайдаланушылар үшін электронды құжат айналымына көшудің барлық артықшылықтарын бағалау үшін сынама мерзімі қарастырылған.
Ismet Docs қолданбасын тегін пайдаланып көру


SEO және жарнамалық шешімдер жөніндегі маман Жәнібек Ибуллаев Ismet Partner платформасында Қазақтелеком ЯндексБизнеспен бірлесіп іске қосқан жаңа жоба туралы айтты. Бұл қызмет кәсіпкерлерге күрделі реттеулерсіз-ақ жарнамаларды оңай іске қосуға мүмкіндік береді.

«Біз әрбір бизнестің еш қиындықсыз өз-өзін жарнамалай бастағанын қалаймыз. Бұл қызмет автоматты түрде қажетті реттеулерді таңдап, нәтиже беретін жарнаманы іске қосады», - деді Жәнібек. Сонымен қатар Яндекспен бірлесіп жасалған шешімнің қарапайымдылығы мен тиімділігін атап өтті.

Ismet Partner пайдаланушылары үшін алғашқы жарнамалық акцияны бастау үшін 30 000 теңгелік айрықша промокод ұсынылады. Бұл қызметті сынақтан өткізетін және жаңа клиенттерді тартатын тамаша мүмкіндік десе артық емес.
30 000 ₸ промокодты алу


Ақпараттық технологиялар Дивизионының даму және әзірлеу бөлімінің бастығы Жандос Байдаулетов жүктемесі жоғары сайттар мен интернет-дүкендер үшін виртуалды серверлерді пайдаланудың артықшылықтары туралы айтып берді.

«Сенімділік — клиенттерді таңдаудың негізгі факторларының бірі. Біз серверлерге тәулік бойы қолдау көрсетеміз және оларды тұрақты бақылап отырамыз. Бұл бизнестің табысты болуына қажетті сайттар мен бағдарламалық жасақтамалардың үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік береді», — деді Жандос.


Жетекші сарапшылардың түсініктері

Астана мен Алматыда өткен іс-шаралар шақырылған спикерлер сүбелі сөздерімен, әсерлі әңгімелерімен, орамды ойларымен есте қалды. Олар өздерінің бизнестегі жетістіктерімен бөлісті.

 

Астанада танымал блогер және Upgrade Business онлайн-платформасының негізін қалаушы Абылай Юсупов қонақ болды. Оның маркетинг бизнесті қалай өзгерте алатыны туралы жігерлі баяндамасы көптеген қатысушыларды шабыттандырды.

 

«Маркетинг – ол тек жарнама ғана емес. Бұл өз клиентін түсіне алатын және оған шын мәнінде құнды нәрсені ұсына білетін өнер», -– деп Абылай өз сөзін тәжірибеден алынған нақты оқиғалармен нықтай түсіп, әңгімесін өрбітті.

Алматыда қатысушылар «Sandyq» мейрамханалары мен «Tary» кофеханалары желісінің маркетинг-директоры, кәсіпкер Салтанат Нұржановамен кездесті. Оның «Жұмыс істейтін маркетингтік стратегияларды қалай құруға болады» атты жұмысының тұсаукесері практикалық кеңестер мен бастан өткен жеке оқиғаларға толы болды.
 

«Есте қаларлық науқандарды әзірлеп қана қоймай, клиенттермен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұл бизнесті табысқа жетелейді», - деп Салтанат өз ойымен бөлісті.

Алматыда іс-шара күні Көктөбеде ауа-райы қолайсыздық тудырып, кенеттен қар жауып кетті. Алайда, бұл ешкімді тоқтата алмады — қатысушылар бәрібір іс-шараға асыға келді. Олардың қатысуымен кездесу керемет атмосферада өтті. Ауа-райына қарамастан уақыттарыңызды бөліп, кездесуге келген баршаңызға алғысымызды айтамыз. Бұл шынымен керемет және ұмытылмас күн болды!

Іс-шараға қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті:
«Бұл іс-шара маған өте ұнады. Іскерлік кездесулер қазіргіде қарабайыр боп бара жатқан сияқты, кейде жалықтырып жібереді, ал мейрамхана форматында өткен кездесу шынымен де әсерлі өтті. Ауа-райы жайсыз болғанымен бәрі керемет болды. Ismet-те бұрыннан тіркелгенбіз, бірақ әр-түрлі мәселелерге байланысты жеке кабинетке кірмеп едік. Платформаның жағдайының қалай өзгергеніне аң-таңмын. Көп нәрсені біліп, ойға түйдім. Әсіресе Ismet Docs және бұлтты шешімдер сияқты қызметтерге қызығушылығым оянды.» – Аlexel интернет-дүкені
*орыс тілінен аударылған

«Сіздің форматыңыз бізге өте ұнады! Бұрын Желтоқсан көшесінде орналасқан кеңседе осындай іс-шараға қатысқан болатынбыз. Ал бұл кездесу жаңа деңгейге көтерілді, ауқымы кеңейді деуге болады. Сіздердегі өзгерістер бірден байқалады. Футболка мен бомбер киіп, тіпті жас көрінесіздер.» – «ОптикТелеком» ЖШС
*орыс тілінен аударылған

«Жоғары деңгейде ұймдастырылған кездесу болды! Рахмет! Барлығы ұнады!» - «НЕТСИСТЕМС СиЭй» ЖШС
*орыс тілінен аударылған

Фуршет, сыйлықтар және жаңа таныстықтар

Бұл кездесулердің соңы үлкен швед үстелі мен дәмді кешкі аспен аяқталды. Қонақтар тағамнан дәм алып,  бір-бірімен емін-еркін тілдесіп, рахаттанды. Кеш соңында қатысушылар арасында «Қазақтелекомның» жүлделері ойналды. Осылайша келген қонақтардың қызбалығы арттырылды. Көбісі мұндай сәттер іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін және бейресми жағдайда өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
 

Image 1 Image 2

 

«Biznes serıktester künı»  ұйымдастырушылары іс- шараның басты мақсаты— серіктестік қатынастарды нығайту және Қазақстанның цифрлық болашағына қарай бірлескен қозғалыс екенін атап өтті.

 

«Біз күш-жігерімізді, білім мен тәжірибемізді біріктіре отырып, биік белестерді бағындыруға, асқар асуларды алатынымызға сенімдіміз. Сіздердің әрқайсыңыз еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Біз бірге тарихты жасаймыз».

 

Жақын арада барлық қатысушылар іс-шараның фотосуреттері бар бұлтқа сілтеме алады. Бізбен бірге болғаныңыз үшін көп рахмет! Іс-шараға қатысып, бұл күнді ерекше еттіңіздер.